Қош келдің, Рамазан!

b_600_290_16777215_00_images_images_2021_15_15-2021_4.jpgӘлемдердің Раббысының Мейірім хаты түскен, Пайғамбарымызға (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) алғашқы аманат жүктелген, сахабалардың айлап аңсап, зарыға күткен Кешірім мен Мейірім айы қасиетті Рамазан басталды.


Осыған орай, 12-ші сәуір күні аудандық Е.Өмірзақов атындағы мәдениет үйінде «Қош келдің, Рамазан!» атты мерекелік іс-шара өтті. Күллі мұсылман асыға күткен қасиетті айға арнап ұйымдастырылған бұл кеште Рамазанның артықшылықтары мен ерекшеліктері жайлы, басқа уақытпен салыстырғанда сауаптар мен жақсылықтардың еселеніп жазылатыны жайлы сөз қозғалды. Кешімізде бой көрсеткен қонақтар қатарында Рудный қаласы мешітінің бас имамы Бектұрсын Торғайбайұлы Уәлиев және Лисаков мешітінің бас имамы Сабыржан Зейнелғабиденұлы қатысты.
Мерекелік іс-шарада аудан әкімі Қайсар Мыржақыпов өзінің жылы лебізін білдірді.
- Біздің санамыздың өшіп жоғалуға айналған шағында, ұлттық салт-дәстүріміз, діни ұстанымдарынымыз қайта жаңғыруы осы Тәуелсіз Ел болғанымызда деп білемін. Сондықтан да, тәуелсіздігіміздің тұғыры берік болсын! Алла тағала бақ-береке мен ырыс ынтымақ нәсіп етсін! Рамазан айында тұтқан оразаларыңыз қабыл болсын! - деді аудан әкімі.
Аудан әкімі Рудный және Лисаков қаласы имамдарына белсенді азаматтық ұстанымы,рухани-адамгершілік құндылықтарды және діни-ағартушылықты нығайту бойынша тынымсыз жұмыстары үшін алғыс хаттар мен естелік сыйлықтарын табыс етті. Рудный қаласының бас имамы Бектұрсын қажы Торғайбайұлы сөз сөйлеп, жамағатқа «Әдептілік» туралы уағыз айтып, жастарымыздың санасын уламай, әдептілікке тәрбиелеу туралы насихат жүргізді. Сонымен қатар, Лисаков қаласының бас имамы Сабыржан қажы биылғы жылы індетке байланысты жаппай екпе егу науқаны басталғандықтан, жамағатқа барынша екпе егу оразаны бұзбайтынын түсіндіре кетті:
- Шариғат бойынша кез-келген нәрсе табиғи жолдар (ауыз, мұрын, тік ішек)арқылы ішке кірсе, оразаны бұзады. Ал, дене арқылы кірсе, оразаны бұзбайды. Бұл туралы «Фәтауа Һиндия» кітабында «Терідегі ұсақ тесіктер арқылы май секілді заттың ішке кіруі оразаны бұзбайды» делінген. Екпе (вакцина) – бактерия, вирус секілді микроорганизмдерден алынып, адам организміне жұқпалы аурулардан алдын ала сақтану және олардың иммундық қасиетін арттыру үшін егілетін препарат. Ол қажетті азық немесе организмге қуат беретін дәрумен емес. Сондықтан, адам денесіне (тері астына, бұлшық етке, жамбасқа, көк тамырға) инемен екпе егу оразаны бұзбайды,- деді имам.
Сондай-ақ, «Әйет» мешітінің бас имамы Ислам Шамғынұлы да құттықтау сөз сөйледі.
- Биылғы жылы Рамазан айы бұрынғыдан өзгерек. Елімізде жарияланған төтенше жағдайға байланысты барша жамағат үшін мешіт есігі жабылғанымен, десе де, Қасиетті айда үйден шықпай-ақ, ізгі амалдар жасап, сауапқа кенелуге болады,- дейді бас имам.
Аталмыш іс-шара барысында жамағатқа Е.Өмірзақов атындағы мәдениет үйі өнерпаздары көңілді мерекелік көңіл-күй сыйлап, ән айтып, қазақтың күйлерін шертті. Барша мұсылман жұртшылығы мақтау мен мадақ Әлемдерді Раббысы Алла Тағалаға болсын! Жыл бойы күткен қасиетті Рамазан айына жеткеніміз үшін Жаратқан Иемізге сансыз шүкірлік етеміз! Ұстаған Оразаларыңыз қабыл болсын!


 
Яндекс.Метрика
Курс валют в Казахстане