- Подробности
-
Категория: №49 (10344) от 7 декабря 2018 года
-
Создано 06.12.2018 06:22
-
Автор: Жанар Қасымова
-
Просмотров: 4136
Осыдан бір апта бұрын С.Ерғалиев орта мектебінің қабырғасында аймақтық әскери-спорттық эстафета ұйымдастырылды. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күніне орай өткізілген іс-шарада аудан оқушылары өздерін қалай көрсетті?
Аудандық деңгейде өткен эстафета салтанатты түрде ашылды. Аталмыш әскери-спорттық додаға арнайы шақырылған жергілікті Қорғаныс істері жөніндегі басшының орынбасары Владимир Коршун жиналғандарды Тұңғыш Президент күнімен құттықтап, қатысушылардың қауіпсіздік техникасын сақтауына мән берулерін сұрады, сәттілік тілеп, жақсы нәтиже көрсетулерін тіледі. Аудандық білім беру бөлімінің әдіскері Виталий Мозер де сөз сөйлеп, жылы лебізін білдірді. Салтанатты рәсім өз мәресіне жеткен соң, мектеп оқушылары кезек-кезек бар білгендерін көрсетуге кірісті.
Бірінші кезеңде оқушылар арасында импровизацияланған эстафета, содан кейін мылтық қаруын бөлшектеу, атыс қаруын ату және күш жаттығулары болды. Эстафетаның нәтижесінде кедергілер жолағынан өтуден 1-орынға С. Ерғалиев атындағы орта мектеп, 2-орынға Б. Майлин атындағы орта мектеп орнықты, ал 3-орынды Тобыл орта мектебі иеленді. Бөлшектеу, автоматты құрастыру бойынша жасөспірімдер арасында ең үздік деп Красносельск орта мектебінің оқушылары Владимир Горнеев және қыздар арасында Татьяна Меркелова танылды. Тобыл орта мектебінің оқушысы Бақыт Мұхамбетқали, Б. Майлин атындағы орта мектептің оқушысы Азиза Муканова күштік жаттығулардан жеңімпаз атанды. Ал, ұлдар арасында ең мерген Б.Майлин атындағы орта мектептің оқушысы Виктор Граф, қыздар арасында Тобыл орта мектебінің оқушысы Дарья Московчук болып шықты. Барлық ұпайлардың есебі бойынша
1-орынды С. Ерғалиев атындағы орта мектеп жеңіп алды (жетекшісі А. Мухамбетжанов). Жалпы топтық 2-орынды қанжығасына Б. Майлин атындағы Таран орта мектеп (жетекшісі Д. Жуковский), 3-орынды Тобыл орта мектебі (жетекшісі Б. Есенғалиев) байлады. Барлық жеңімпаздар мен жүлдегерлер, команда жетекшілері салтанатты түрде Таран ауданы әкімдігінің білім беру бөлімінің мадақтамаларымен, мақтау қағаздарымен марапатталды. Эстафетаны қорытындылаған Қорғаныс істері жөніндегі басшының орынбасары іс-шараға кәсіби бағасын беріп, команда жетекшілерінің сын-ескертпелерге құлақ асатындарына сенімін білдірді.