- Подробности
-
Категория: Главное
-
Создано 22.02.2024 07:29
-
Автор: Жандос ЖҮСІПБЕК Б. Майлин ауданы Суреттерді түсірген Б.ЖҰМАБЕК
-
Просмотров: 3201
Биыл – «Қостанай таңы» газетінің бастауында тұрған ардақты тұлға, қазақ жазба әдебиетінің көрнекті өкілі Бейімбет Майлиннің туғанына 130 жыл. Соған орай басылымның бас редакторы Кенжеш Аманова жазушының туған жеріне жұмыс сапарымен барды. Ол аудан басшылығымен және жергілікті оқырмандармен кездесіп, газеттің бүгінгі тыныс-тіршілігін, алға қойылған жоспар-жобаларын кеңінен таныстырды.
Қарт басылымның маңдайалды мақсаттарының бірі – ұлт руханиятын жаңғырту, қазақы құндылықтарды түгендеу, ел ішінде кеңінен насихаттау. Қазақ баспасөзінің ілгері басуына мүдделес болуға ниетті аудан-қала әкімдіктерімен, мекеме-ұйымдармен тығыз қатынас орнатуға қарашаңырақ ұжымы әркез даяр. «Қостанай таңы» тарихының бастауында тұрған көрнекті тұлға Бейімбет Майлин атындағы ауданның басшылығы – газетіміздің ниеттес, жанашыр серіктестерінің қатарында. Сондықтан бас редактордың жоспарлы жұмыс сапарының көздегені де арадағы қызметтік байланысты нығайта түсу. Бұған қос тарапқа да зор жауапкершілік жүктеп отырған Би-ағаның мерейтойы бірден-бір себеп. Сондықтан ортаға салып талқылайтын ортақ жобалар мен жоспарлар көп.
Газеттің бас редакторы Кенжеш Оразғалиқызы мен аудан әкімінің Қайсар Мыржақыповтың кездесуі барысында әріптестікті бекіте түсу мәселелері пысықталды. Редактор ата басылымның тыныс-тіршілігін, ішкі-сыртқы қызметін, мақсат-мүддесін кеңінен баяндады. Әсіресе, үнпарақтың әуел бастан бұлжымай келе жатқан ұстанымы турасында сөз қозғалды. Айталық, бүгінде «Қостанай таңында» тіл мен ділдің жоғын түгендейтін алуан түрлі жаңа жобалар жемісті жүзеге асып жатыр. Мәселен, ана тіліміздің қолданыс аясын кеңейтуді көксейтін «ТүзеТілді», «Өзіңнен баста», «Мәртебелі тіл» секілді айдарлардың оқырманы қалыптасып үлгерді. Тұтас өңірдің айнасына айналған басқа да мүйістердің көтерер жүгі жеңіл емес. Оқырман қатарын қалыңдата түсу жолында қолға алынып жатқан бірегей бастамалардың да саны көп.
«Мұхамеджан Сералин мен Бейімбет Майлин негізін қалаған қастерлі басылымымыз оқырман қауыммен қашанда тығыз байланыста. Қызықты жобалар мен ел-жұртқа арналған жаңа мүмкіндіктердің сан түрін іске қосып жатырмыз. Мысалы, былтырдан бастап ұстаздарға арнаулы айдар ашылды. Кез келген мұғалім газетке бір жылға жазылу арқылы мақаласын екі рет, жартыжылдыққа жазылса, бір рет ақысыз жариялай алады. Мұның сыртында, газет тарихында тұңғыш рет ұтыс ойыны өткізілді. Оған газетімізге жазылған тұрғындар қатысып, бағалы сыйлықтарға ие болды. Ұтысқа демалыс орнына жолдама, смартфондар, түрлі сомадағы ақша және басқа сыйлықтар тігілді», – деп, жемісті жобалардың бір парасын айта өтті редактор.
Редакция басшысының айтуынша, лотерея биыл да жалғасын табады. Облыстың 21 өңіріндегі оқырмандардың басын біріктіретін ұтыс ойыны 25 қазанда өтеді делініп отыр. Ең бастысы, биыл Би-ағаның мерейтойы қарсаңында түрлі ауқымдағы жобалардың тұсауы кесіледі. Олардың әрқайсысы газеттің мән-мазмұнының, тартымдылығы мен таралымының арта түсуіне зор ықпал етеді деген сенім бар. «Қостанай таңының» Майлин мерейтойына орай өткізгелі отырған барлық іс-шараларына аудан әкімі жан-жақты қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізді.
Бұдан соң Кенжеш Оразғалиқызы аудан орталығындағы аурухана, мектеп, кітапхана, музей ұжымдарымен жылы шырайлы кездесулер өткізді. Мұнда да ғасыр жасаған басылымның кешегі тарихы мен бүгінгі келбеті, жемісі мен жетістіктері, алдағы уақытқа еншіленген жоспарлары, редакция мен оқырманның арасына алтын арқау болатын жемісті жобалары туралы баяндалды. Еркін форматтағы емен-жарқын әңгіме аясында газет басшысына алғысы мен ықылас-лебізін білдірген оқырмандар да аз болмады.
«Аудандағы 21 кітапхананың барлығы дерлік «Қостанай таңына» жазылады. Өз басым газеттің әр санын үзбей оқимын. Біздің ұжымның еңбегі, өткізген іс-шаралары туралы да сіздердің басылымда бірнеше мақала жарияланды. Осыдан-ақ сіздердің сан саланы, бар бағытты қамтып отырғандарыңызды аңғару қиын емес. Бейімбет Майлиннің мерейтойына орай көптеген тартымды дүниелерді осы газеттен тұшынып оқимыз деген үміттеміз», – деді жиында сөз алған Б.Майлин аудандық кітапханасының басшысы Гаухар Асанова.
«Қостанай таңы» газетінің аудандағы тұрақты оқырмандары жасаған сайын жасарып келе жатқан қарт басылымның әр бастамасының баянды болуына тілектес екендерін айтты.