«Жас маман ретінде айтарым...»

b_600_290_16777215_00_images_images_2018_25_25-2018-3.JPGБайқасаңыздар, мемлекеттік мекемелерде еңбек етіп жүрген жастар жетерлік. Мемлекеттік қызметке келуші жастардың басым бөлігі білімді, қызметке деген қызығушылығы жоғары. Бұл шыңдық. Олардың көзқарасы жаңашыл, болашаққа деген сенімі мол, еңбекқор. Газетіміздің бүгінгі санында талапты да, келешегі бар жас мемлекеттік қызметкерлердің бірі Алмас Досжанов жайлы сөз қозғамақпыз.

 

Мамандық таңдау әр адамның өміріндегі маңызды шешімдердің бірі екені сөзсіз. Өйткені, бұл таңдау өмір бойы қандай іспен айналысатыныңызды айқындап, болашағыңызға бағдар береді. Аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің бас маманы, әрі жас қызметкерлердің бірі Алмас Өрісбайұлы 2015 жылдан бері мемлекеттік қызметте жұмыс істеп жүр. Қостанай мемлекеттік университетінің мемлекеттік және жергілікті басқару мамандығы бойынша диплом алған жас маман 2014 жылдың аяғында мемлекеттік қызметкерге қойылған талап бойынша арнайы тестілеу тапсырып, сәті түсіп, жаңағы тестілеудің оң нәтижесіне қол жеткізді. Сөйтіп, ол аталған конкурстан өтіп, Белинский ауылдық округі әкімінің аппаратының бас маманы қызметіне жұмысқа орналасты. Ал, былтыр Алмас Досжанов лауазымын жоғарылатуға ұсынылып, аттестацияны ойдағыдай тапсырғаннан кейін, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөліміне ауыстырылды.

«Барлық адам ұстаз алдын көреді, мектептен өтеді. Білім мектебі, өмір мектебі, тәжірибе мектебі. Қызмет, жұмыс та өз алдына бір мектеп. Мемлекеттік қызметте де солай. Лауазымдық нұсқаулықтарды орындау үшін үнемі ізденіс үстінде жүріп, үнемі білім қорыңды толықтырып отырасың.Әрине, білікті маман болу үшін оқу керек, бірақ тәжірибенің орны басқа екенін ескеру керек. Сонымен қатар, мемлекеттік қызметкердің ұстамды, бірқалыпты, сабырлы болуы да өте маңызды деп білемін. Жас маман ретінде айтарым, мемлекеттік қызмет – ол тұрақтылық, ал тұрақтылық – сенім кепілі», - дейді Алмас Досжанов. Ең қызығы, әңгімеміздің арқауы болған жас маманымыздың келіншегі Сәния Амангелдіқызы да мемлекеттік қызметте, дәлірек айтсақ, ауылшаруашылық бөлімінде бас маман болып жұмыс істейтін көрінеді. Ауданымызда жастардың сапалы білім алып, жұмысқа тұрып, еңбек етуіне жағдай жасалып жатқаны қуантады. Бірақ, келешекте елімізде мемлекеттік қызметкерлерге баспаналы болуға мүмкіндік беретін «Дипломмен – ауылға» сынды мемлекеттік бағдарламалар іске қосылса, Алмас пен Сәния сияқты жас отбасылар, жас мамандардың өз үйі, өз шаңырағы болатын еді, шіркін...!

 


Яндекс.Метрика
Курс валют в Казахстане