Биылғы жыл не бермек?

Естеріңізге сала кетейік, Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев өткен жылғы 5-қазандағы Жолдауында биылғы 2019 жылды «Жастар жылы» деп жариялады. Осы орайда, «Үміт-2050» қоғамдық қоры мен «Жастар» жастар қоғамдық бірлестігі жастар саясатының қандай бағытына екпін жасамақшы?


Биылғы жылдың «Жастар жылы» деп жариялануына байланысты аудан көлемінде іс-шаралар жоспарын әзірлеу жұмыстары басталып кетті. Әлі де қолға алынатын шаралар талқыланып, нақтыланатын болады. «Үміт – 2050» қоғамдық қоры мен «Жастар» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Еркін Назаровтың айтуынша, көңілділер мен тапқырлар клубының дамуына ерекше екпін жасалады. Жоспар бойынша оқушылар, жұмысбасты жастардың ең үздік ойыншыларын іріктеп, ауданымызды облыстық, республикалық деңгейде көрсететін құрама команда құрылады деп күтілуде. Әдеттегідей, жыл сайынғы дәстүр бойынша жас буынның үздіктерін анықтау үшін туристік слеттер, байқаулар, жарыстар, сайыстар ұйымдастырылады. Оған қоса, халықаралық деңгейдегі ауқымды жұмыс жүргізілмек. Яғни, жастар саясаты бағытында біздің көшбасшылар мен көршілес Ресей елінің белсенділері өзара тәжірибе алмасады.
Еркін Назаровтың сөзіне қарағанда, ауданымыздың ұстаздары арасында бірегей форма енгізу де ойда бар екен. Әрине, аталмыш мәселе әлі де көтерілетін болады, әлі де бұл тақырыпқа оралуымыз әбден мүмкін. Қалай десек те, креативті пікірге ие бүгінгі жастар көшбасшылық қасиеттерін дамытумен қатар, өздерін өзге қырынан да танытады, сондай-ақ жастар ойын-сауықтық іс-шараларда ғана емес, өздерін өзге де маңызды салаларда көрсетеді деген сенімдеміз. Қазақта «Жас келсе, іске» деген сөз бар. Ақылды технология заманында ақыл да, тың идея да жастардан шығады. Ендеше, «Жастар жылы» жалаң сөз, жаттанды дүниеге құрылмай, жас буынның нақты түйткілдерін шешетін жыл болғай!...


Яндекс.Метрика
Курс валют в Казахстане