Ең үздік шығармашылық ұжымдар анықталды

b_600_290_16777215_00_images_images_2018_6_9.jpgДүйсенбі күні білім беру бөлімінің ұйымдастыруымен «Армандастар» шығармашылық сайысының аудандық фестивалі өтті.

 

Астанамыздың 20 жылдығына арналған ауқымды іс-шара көркемөнер театр және хореография ұжымдарының арасында ұйымдастырылды. Өңірімізде алғаш рет өткізілген фестивальде екі негізгі және жеті орта мектеп бақ сынады. Таңертеңгі 10.00-ден түске дейін жетпіс сегіз оқушыны қамтыған оқу мекемелерінің би ұжымдары өнер көрсетті. Сайыс «Халық биі және халықтық стильдегі би», «Заманауи би» номинациялары бойынша өткенін атап өту керек.

Жас, әрі әуесқой бишілер әлем халықтарының да, қазақ билерін де, эстрадалық және микс билерді де жақсы меңгерген екен. Бірінен-бірі кем түспеген жастарды бағалау әділқазылар алқасына оңайға түскен жоқ. Десек те, өнер сүйер қауымына танымал өнер мектебінің «DIAMONDS-тың» би тобының орта және үлкен ұжымдары ерекше көзге түсіп, екі номинациядан да бас жүлдені жеңіп алды. Жасыратыны жоқ, биде оларға тең келер ешкім жоқ. «Халық биі және халықтық стильдегі би» номинациясы бойынша 1-орынды № 1 орта мектеп жеңіп алса, заманауи биімен сынға түскендердің арасынан 1-орынды Май және Асенкрит оқу мекемелері иемденді.

Түстен кейін жиырмаға жуық қатысушыны қамтыған театр өнері әртістерінің қойылымдары бағаланды. Мектепішілік театр жетекшілерінің таңдаған драмалық қойылымдарының тақырыптары әр алуан болды. Ал, Тобыл орта мектебі драмалық емес, мюзикл жанрымен ерекшеленді. Қатысушылардың образды сомдауын, әртістік шеберліктерін бағалаған төрешілер өзара ақылдасып, бас жүлдені Приозерный орта мектебінің «Мозайка» ұжымына беруді ұйғарды. Қалған театр ұжымдары өзара жүлделі орындармен бөліссе, ең үздік жас әртістер бірнеше номинацияның иегері атанды. Аудандық білім беру бөлімінің әдіскері Виталий Мозердің айтуынша, бұл игі бастама алдағы жылдары да жалғасын табады.

 


Яндекс.Метрика
Курс валют в Казахстане