- Подробности
-
Категория: №37 (10357) от 13 сентября 2018 года
-
Создано 13.09.2018 07:39
-
Автор: Жанар Досмухамбетова
-
Просмотров: 4800
Қыркүйектің 7-сі күні Тобыл кентінде Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қабылдаған Жарлығымен қыркүйек айының екінші жексенбісінде аталып өтілетін «Отбасы күні» мерекесінің қарсаңында «Музыкалық жанұя» байқауы өтті. Сынға түскен тобылдық отбасылардың қайсысы жеңіске жетті?
«Думан» мәдениет үйінің ұйымдастырған сайысына үш жанұя мүшелері қатысты. Аталмыш іс-шара бес кезеңді қамтыды. Алғашқы кезеңде әр команда қатты қобалжып, өз эмблемаларымен таныстырса, «Музыкалық сөздер аукционында» өздерін еркін ұстай бастады. Ал, «Пантомима» деп аталатын кезеңде әр топ мүшесі аспаптардың аты жазылған бір қағазды алып, сол аспапты қимылмен көрсетуі тиіс еді, қалған топ оны табуы керек болатын. Шыны керек, дәл осы кезең өте қызықты, әрі көңілді өтті. Кроссворд шешуде командалар өзара ой ұтқырлығымен бәсекелесе отырып, сайысты одан әрі қыздыра түсті. Жанкүйерлер де, әділқазылар да келесі кезеңде балалық шаққа үңілгендей болды. Өйткені, «Балалық шаққа саяхат» деген атаумен өткен кезеңнің шарты бойынша мультфильмдер мен ертегілерден әндер үзіндісі ойналады, ал қатысушылар оны табуы керек еді. Олар бірінен-бірі кем түспеуге, намысты қолдан бермеуге барынша тырысты. «Иә» немесе «жоқ» деп қана жауап беруі тиіс «Жүгіртпе сұрақтар» кезеңінде қойылған он сұраққа жауап іздей отырып, зияткерлігін таныта білген команда мүшелері жеңіс тұғырынан көріну жолдарында соңғы қадамдарын жасады. Осылайша, «Музыкалық жанұя» байқауы да өз мәресіне жетті.
Қалыптасқан дәстүр бойынша байқау соңында әділқазылар алқасы сөз сөйлеп, марапаттау рәсіміне көшті. Нұргүл Дандыбаева мен Айжан, Аруна есімді қыздары «Көңілді жанұя» номинациясына, Әсел Жоламанова мен балалары Сапура және Даниал Бектасовтар «Өнегелі жанұя» номинациясына ие болса, «Тапқыр жанұя» номинациясын Роза Жұмағұлова мен балалары Біржан , Айдана Есенғалиевтар отбасы жеңіп алды. Ең бастысы, балалардың, ата-аналардың шығармашылық қабілеттерін арттырып, өзара ынтымақты нығайту мақсатымен ұйымдастырылған аталмыш байқау қатысушылардың да, көрермендердің де көңілінен шықты.