Грантқа түскендер бар ма?

Грант иегерлерінің тізімі келесі сілтемелер бойынша қолжетімді болады: egemen.kz, kazpravda.kz, testcenter.kz сайттарында немесе @testcenterBot телеграм боты. Баспасөз қызметінің мәліметінше, білім беру гранттары иегерлерінің тізімі биыл электронды түрде жарияланды. Сондықтан, тізімді жоғарыда көрсетілген сілтемелер бойынша өтіп, танысуыңызға болады.


«Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты үндеудің үшінші бастамасында: «Қазір жыл сайын бөлінетін 54 мың грантқа қосымша 2018-2019 оқу жылында тағы 20 мың грант бөлу керек. Оның 11 мыңы техникалық мамандықтар бойынша бакалаврлық білім беруге тиесілі болады», - деп жазылған. Ал, тарандықтардың арасында грантпен оқуға түскендер бар ма? Аудандық білім беру бөлімінің мәліметіне сүйенсек, жүз он тоғыз мектеп түлектерінің қырық сегізі ҰБТ тапсырса, олардың жиырма сегізі мемлекеттік грантқа ие болған көрінеді. Өңіріміздің жастарының басым бөлігі техникалық, педагогикалық, ауылшаруашылық салаларын таңдаған. Жергілікті жоғары оқу орындарына түлектердің 60,7%-ы, еліміздің өзге оқу орындарына 14,3%-ы түсіпті. Бір түлегіміз Қостанай жоғарғы милиция мектебінде оқитын болады. Ресей Федерациясының оқу мекемелеріне де грантпен оқуға түскендер бар екен. Тегін грантпен түсу – ата-ана үшін де, түлекке де маңызды. Сол себепті, болашақ түлектер, грантқа іліккілеріңіз келсе, дана халқымыз айтқандай, «күш – білімде, білім – кітапта» екендігін жадыңыздан шығармаңыз.
Айта кету керек, № 116 Тобыл орта мектебінің бір түлегі ақылы түрде Қытай еліндегі агроэкономикалық университетін, Береговой орта мектебінің бір түлегі Қытай мемлекеттік университетін таңдап, оқуға түскен көрінеді. Мұның өзі қоғамда өзіндік орны бар, бәсекеге қабілетті маман ретінде қалыптасу жолындағы жетістік емес пе, ағайын?


Яндекс.Метрика
Курс валют в Казахстане