Әкімдердің халық алдында есеп беруі бастау алды

b_600_290_16777215_00_images_images_2018_3_3-2018-1.jpgЕлбасының Жарлығына сәйкес ауданда ауыл, кент, округ әкімдерінің халық алдында есеп беру жиындары басталды. Аталмыш әкімдердің жыл сайынғы халықпен кездесуі ағымдағы жылдың 16 мен 30 қаңтар аралығында өтеді.

Кездесуде олар ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындысы және келешектегі даму жоспарлары туралы баяндама оқып, жиынға қатысушылардың сұрақтарына жауап береді.

 

Жалпы, әкімдердің есеп беруі-атқарушы органдардың халықтың алдындағы жауапкершілігі мен есептілігін арттыруға қол жеткізудің халықты мемлекеттік басқару процесін кеңінен таратудың бірден-бір жолы екені белгілі.

Алғашқы есеп беру жиыны Юбилейный ауылында бастау алды. Жиында алдыменен Елбасының Қазақстан халқына Жолдауы талқыланды. Аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Жанна Калимова «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдаудағы нақты он қадамды түсіндіріп берді. Бұдан кейін ауыл әкімі Қайрат Көбенов жыл бойы атқарылған жұмыстарға тоқталып, алдағы міндеттерді тілге тиек етті. Сонымен қатар, аудандық ІІБ жергілікті полиция қызметінің басшысы Аманжол Байзақов өткен жылы атқарылған жұмыстарға шолу жасады.

Юбилейный ауылының тұрғындарын алаңдататын мәселелер де жоқ емес екен. Мал жайылымының тапшылығы, құс асырауға берілетін несие, көше атауын қазақшалау сынды мәселелер қозғалды. Мұндағы басты назар аударатын мәселе – мектептегі қазақ сыныптарының жағдайы. Біріншіден, ата-аталар үлкен күшпен ашылған сыныптар жабылып қала ма деп алаңдайды. Екіншіден, қазақ сыныбындағы айналдырған 9 бала екінші ауысымда, яғни түстен кейін оқиды екен. Оның өзінде сабақ нақты уақытында басталмайды екен. Жарты сағат, бір сағат кешіктіріледі.

Біз бұл мәселе жөнінде тиісті сала басшыларына хабарласқан едік, олар жақын арада бәрі қалпына келтірілетіндігін жеткізді.

Дәл осындай жүздесу Калинин ауылдық округінде де өткізілді. Мұнда да сала басшылары жыл бойы өткізілген жұмыстарына талдау жасап, алдағы жоспарларымен бөлісті. «Викторовский» ЖШС-ң директоры Иван Кулик шаруашылығының жай-жапсарын әңгімелеп, ауылдағы шешімін таппай отырған мәселелерді айтып өтті. Нақтырақ атап өтсек, жол сапасы, жаздағы жолдың азабы, ауыл ішіндегі кейбір абаттандыру жұмыстарының көңілге қонымсыздығы, бағусыз жүрген ірі қара, ұсақ малдың әлегі, учаскелік полицияның ауылда көп бола бермейтіндігі Иван Илларионовичтің сөзіне арқау болды.

Билік өкілдері көтерілген мәселелердің барлығын жазып алғандығын және кейін нақты жауаптар берілентіндігін жеткізді.

 


Яндекс.Метрика
Курс валют в Казахстане