Тамаша көңіл-күй сыйлады

b_600_290_16777215_00_images_images_2018_10_10-2018-10.jpgЕң тамаша  мезгіл саналатын көктемнің алғашқы шуағымен келіп жететін 8 наурыз — Халықаралық әйелдер күні мереке иелерінің құрметіне Сапар Ерғалиев атындағы орта мектеп жанындағы интернаттың қабырғасында арнайы концерт өтті.

 

«Тәрбиеленушілерді бірлікке, ынтымаққа, сыйластыққа тәрбелеу мақсатымен ұйымдастырылған мерекелік бағдарламада, ең бастысы, олар іс-шараның маңыздылығын сезінуі керек деп есептеймін. «Қыз өссе, елдің көркі» дегендей, ежелден ата-бабаларымыз әрқашан да қыздарды гүлге теңегені тегін емес. Бүгінгі қыз – ертеңгі ана. Сондықтан, мектеп кезінен-ақ ұлдарымызды қыз баланы, ананы, жалпы, әйелдер қауымын ардақ тұтуға баулып, тәрбиелеу керек», - дейді интернат тәрбиешісі Күләш Зейнелова.

Сый-құрметке негізделген бағдарламаның сахна шымылдығын «Ассалаумағалейкум!» әнімен 3-сынып оқушысы Ербол Еркін ашты. Ал, кешті жалғастырған Қыдырбек Бағзи «Мен анама арнаймын» деген жүрекжарды өлеңімен жиналғандардың қошеметіне бөленді. Әдептен озбай, тәрбиешілерге сықақ пародия жасаған Алмас пен Бектұрсын есімді тәрбиеленушілер әртістік шеберліктерімен, сайқымазақтығымен үлкенді де, кішіні де баурап алды. Әдемі әндер мен флешмоб кешке сән бере түсті. Ұлдар қыздар қауымына, тәрбиешілеріне тосын сыйларға толы болған мерекелік кеш сыйлаумен ғана шектелмей, өздерінің шағын ғана сыйлықтарын да тарту етті. Осылайша, олар өз тараптарынан тамаша көңіл-күй сыйласа, көрермендер өнерлі өнерпаздарға алғыстарын жаудырды.

Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, Сапар Ерғалиев атындағы орта мектеп жанындағы интернат ұжымының атынан асыл қыздарды, құрметті мұғалімдерді той атаулының қызығы мен берекесі 8-наурыз мерекесімен құттықтаймыз!

 


Яндекс.Метрика
Курс валют в Казахстане