Біздің мұғалімдер – ең үздік!

b_600_290_16777215_00_images_images_2018_41_41-2018-8.jpgЕлімізде мұғалімдер күні қазанның бірінші жексенбісінде кең ауқымда аталып өтіледі. Білім саласы қызметкерлерінің мерекесіне орай, Таран ауданының Е.Өмірзақов атындағы мәдениет үйінде салтанатты жиын өтті. Аталмыш шараға білім саласының ардагерлері, аудандық білім беру мекемелерінің басшылары және ұстаздар қауымы, барлығы аудан мектептерінің 220 педагогтары қатысты.


Күн сайын оқушылардың жүрегіне жол тауып, ізгілік нұрын себуге ұмтылатын осы бір жылы жүзді, жайдарлы жандарға арналған мерекелік бағдарлама ән мен биге, жылы сөздер мен марапаттауларға толы болды. Аудан әкімі Қуандық Испергенов білім нәрімен сусындатып қана қоймай, бала бойына тәлім-тәрбиенің асыл қазынасын құя білетін қымбатты ұстаздарды құттықтап, салтанатты түрде есімдері аталған бірқатар мұғалімдерге аудан әкімінің алғыс хатын табыстады. Бұл күні ол жыл сайынғы дәстүр бойынша белгілі бір номинациялардың жеңімпаз мектептерін де марапаттады. Айта кету керек, 2017-2018 оқу жылының қорытындысы бойынша «Жыл мектебі - 2018» атағы С.Ерғалиев атындағы орта мектепке берілді.
Аудандық білім беру бөлімінің басшысы Айгүл Алимбаева да әріптестерін осынау айтулы күнмен құттықтап, сахна төрінде аудан педагогтарының таңдаулы мұғалімдерді білім беру басқармасының, білім беру бөлімінің грамоталарымен марапаттады. Ұстаздар күніне арналған іс-шара барысында биылғы оқу жылы ұстаздар отбасын толықтырған 18 жас маман да назардан тыс қалған жоқ. «Бүгін төл мерекеміз ұстаздар күнін атап өтудеміз. Біз бүгін ең үздік мұғалімдерді мадақтаудамыз. Аудан әкімінің алғыс хатымен он, білім басқармасының грамотасымен екі, білім беру бөлімінің грамотасымен бес мұғалім марапатталды. Сонымен қатар, біз жиырма сегіз мектептің әрқайсысын атап өтуге барынша тырыстық. Біздің педагогтар да, оқушыларымыз да – ең үздік!», - деді бізге берген сұхбатында Айгүл Алимбаева. Бұл күні даналық пен даңқтың үлгісі болып табылатын ардагер ұстаздарға да қошемет те, құрмет те көрсетілді. Ардагер ұстаздардың бірі Мансия Кожбанова жас мамандардың білікті, білімді болуын және алға қойған мақсаттарына жетуін тілесе, Қостанай педагогикалық колледжін Қызыл дипломмен тәмамдаған Альмира Сандығұлова сұхбатта дәл осы мамандықты таңдағанына еш өкінбегенін тілге тиек етті. Оның айтуынша, Б.Майлин атындағы орта мектептің ұжымы жас маманды өте жылы қабылдап, тәлімгерлер барлық бастамаларда көмегін, кеңесін беріп отырады.
Осы ұстаздар жайында халқымыздың ұлы батыры Бауыржан Момышұлы «Ұстаздық – ұлық емес, ұлы қызмет. Себебі, ұрпақтарды ұстаз тәрбиелейді. Болашақтың басшысын да, данасын да, ғалымын да, еңбекқор егіншісін де, кеншісін де ұстаз өсіреді... Өмірге ұрпақ берген аналарды қалай ардақтасақ, сол ұрпақты тәрбиелейтін ұстаздарды да солай ардақтауға міндеттіміз» деген екен. Ендеше өз ісіне берілген, жаңалықты жатсынбай қабылдайтын, шәкіртінің жанына нұр құйып жүретін ұстаздардың жөні де, жолы да бөлек десек, артық айтқанымыз болмас. Ауданымыздың ұлағатты ұстаздарын кәсіби мерекелерімен құттықтай келе, шын жүректен оларға зор денсаулық, қажымас қайрат, бақ-береке тілейміз! Алдыңызда әрқашан тағзым етіп тұрармыз, ұстазым, деп басымызды иеміз.


 
Яндекс.Метрика
Курс валют в Казахстане