Жолдау қолдау тапты

b_600_290_16777215_00_images_images_2018_41_41-2018-6.jpgЕлбасының 5 қазандағы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауын тарандықтардың басым көпшілігі, соның ішінде аудандық орталық аурухана ұжымы да тікелей эфирде тыңдауға мүмкіндік алды.


Қазақстан халқына жаңа Жолдауын арнаған Елбасы тәуелсіздік жылдары атқарылған қыруар жұмыстар елдің одан әрі тұрақты дамуына негіз қалағанын мәлімдеді. Бейбітшілік пен тұрақтылықтың арқасында біздің Отан әлемдік кеңістікте өз беделін арттырып келеді. Экономикасы қарқынды дамыған елде азаматтардың да өмір сүру сапасы жақсарып, негізгі салаларды өркендетуге бағытталған бағдарламалар сәтті жүзеге асырылуда. Қарапайым қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыру одан әрі жалғаса бермек. «Мемлекет пен адамдардың күш біріктіруінің арқасында ғана біз жалпыға ортақ еңбек қоғамын құра аламыз. Біріншіден, Үкіметке 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап, ең төменгі жалақыны 1,5 есе, яғни 28 мыңнан 42 мыңға дейін өсіруді тапсырамын», - деген Елбасының сөзін естіген медициналық қызметкерлер шапалақ ұрып, бір марқайып қалды. Қуанбай қайтсін, ақша билеген қазіргі нарық заманында мұндай жалақы қай «тесікке жамау» болсын? Өкінішке орай, ең төмен еңбекақы алатын қызметкерлер аталмыш салада ғана емес, өзге салаларда да бар. Жұмыс бабымен ұжымның жүз пайызы да Жолдауды тамашалай алмағанымен, жиналғандар көшбасшымыздың осы жолы халықтың табысы мен тұрмыс сапасына мән бергеніне риза болды.
Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев өзінің Жолдауында әлеуметтік саладан өзге бағыттарда да тың жұмыстардың атқарылу қажеттігін атап өтті. Медицина, білім, туризм, мемлекеттік қызмет және инфрақұрылымға басымдық берді. «Бүгін әрбір қазақстандық үшін тарихи оқиға деп ойлаймын. Елбасы Жолдауында айтылған әрбір тармақ – егемен Қазақстанның қарқынды дамуына бағытталған тарихи іргетас. Біз Елбасы сенімін ақтап, осы бағытта жұмыла жұмыс істеуіміз қажет», - дейді аудандық мәслихат депутаты Айбатыр Ахметбеков. Айта кету керек, аудан әкімі Қуандық Испергенов бастаған аудан активі, депутаттар да аудандық әкімдіктің үлкен залында жиналып, өзіндік ой түйді.


 
Яндекс.Метрика
Курс валют в Казахстане