- Подробности
-
Категория: №30 (10350) от 26 июля 2018 года
-
Создано 25.07.2018 14:27
-
Автор: Сания Жакупова
-
Просмотров: 5385
Ауа температурасының көтерілуіне және азаматтардың облыстың су қоймаларында жаппай демалуына байланысты судағы адам өліміне қатысты жазатайым оқиғалардың саны артты.
Аудандық ішкі істер бөлімінің ақпаратына сүйенсек, суға түсу маусымы басталғаннан бері облыстың су айдындарында төрт бала және жасөспірім қайтыс болған. Шілденің он бір күнінің ішінде кәмелетке толмаған үш бала көз жұмған көрінеді. 1-шілдеде Қарасу ауданының Симферополь ауылындағы «Қарасу» өзенінде 2012 жылы дүниеге келген бала суға батып кеткен, 11-шілдеде Жітіқара қаласындағы «Шортанды» өзенінде 2001 жылғы кәмелетке толмаған бала суға кеткен.
Адамдардың менменділігі, суда жүзе алмауы, тағайындалмаған орындарда алкогольді сусындарды тұтынуы олардың су қоймаларында қаза болуына әкеп соқтырады. Сонымен қатар, балалардың су айдындарында ата-аналарының қарауынсыз болуы да қайғылы жағдаймен аяқталады. Осыған орай, жазатайым фактілерді болдырмау және олардың алдын алу мақсатымен аудандық ішкі істер бөлімінің қызметкерлері әкімдік, білім беру, денсаулық сақтау, төтенше жағдай және басқа да мекеме өкілдерімен кездесу жүргізіп, адамдардың денсаулығы мен өмірінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі бойынша бірлескен іс-шара жоспарын белгілеуде. Тәртіп сақшылары төтенше жағдай бөлімінің қызметкерлерімен бірге азаматтардың жаппай демалу орындарында ескерту-алдын алу және насихаттау жұмыстарын жүргізе отырып, тұрғындарға жазатайым оқиғаларды болдырмау үшін арнайы бүктемелер мен жаднамалар таратуда.
Ал, аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің осы аптадағы аналитикалық мәліметіне сүйенсек, биыл облыс аумағында он екі төтенше жағдай орын алған, өкінішке орай, он екі адам суға батып кеткен, олардың алтауы балалар және жасөспірімдер. Былтырғы жылдың ұқсас кезеңінде тіркелген жеті төтенше жағдайдың нәтижесінде жеті адам қайтыс болды, олардың үшеуі әлі бала еді. Өзіңіз байқағаныңыздай, су қоймаларында суға бату жағдайлары артқан. Бір айдың ішінде ауданымызға қарасты Апановка, Мақсұт ауылдарындағы су айдындарында екі баланың көз жұмғаны көңілге қаяу түсіреді.