- Подробности
-
Категория: №16 (10336) от 19 апреля 2018 года
-
Создано 18.04.2018 14:01
-
Просмотров: 4464
Өткен аптада Тобыл кентінің «Думан» мәдениет үйінде Ғашықтар күніне арналған байқау өтті. Отбасындағы адамгершілікті, сүйіспеншілікті, достық сезімін қалыптастыру, эстетикалық көзқарастарын дамыту мақсатымен ұйымдастырылған аталмыш шараның қызығы да, кем тұстары да болды.
«Армысыздар, қымбатты қонақтар, көрермендер! Бүгінгі «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» атты ғашықтар күніне арналған мерекелік кешімізді ашық деп жариялаймыз!», - деп сайыстың шымылдығын ашқан жүргізуші Жаслан Құрманғалиев сынға түскен қатысушылар мен әділқазылар алқасын таныстырып өтті. Бірақ, өкінішке орай, залда жұптарға қолдау көрсететін санаулы ғана көрермен болды. Ұйымдастырушылар «келер-ау» деген үмітпен байқауды кешірек бастаса да, үміттері ақталмады. Десек те, олардың үмітін қатысушылар ақтады. Себебі, үлкен жауапкершілікпен, әрі тиянақты дайындалған әр жұп біздің ғана емес, әділқазылардың көңілінен шықты. Тиісті деңгейде өткен аталмыш кеш орын алған кемшіліктерді жуып-шайды.
Кезең-кезеңге бөлінген сайыстың алғашқы турында жұптардың барлығы өздерін таныстырып, неше жыл отасқандары, балалары және қызметі жайлы айтқанмен, осыдан жиырма төрт жыл бұрын шаңырақ көтерген Мамай мен Жаңагүл Ізтілеу сәлемдемелерін проза емес, поэзия түрінде жеткізіп, ерекше көзге түсті. Ал, екінші кезең қатысушыларға оңайға түсті деуге болмас. Қойылған талап бойынша қазақ халықының эпостарының бас каһармандары - Қозы Көрпеш- Баян сұлу, Қыз Жібек- Төлеген, Еңлік- Кебек, Ер Тарғын – Ақжүніс, Ләйлі – Мәжнүн хикаяларын қазақы нақышта баяндап беруі тиіс кезең қатысушыларға оңайға түскен жоқ. Мұнда олардың тарихты, әдебиетті білуі де, шешендік өнері де бағаланды. Содан соң, жұптар өз өмірлеріндегі ең қызықты сәттерін айтып берді. Бірі қалай танысқандарын тілге тиек етсе, енді бірі өзге де қызықты да, күлкілі сәттерімен бөлісті. Өз қолдарынан жасаған сыйлықтарын қатысушылар бір-біріне төртінші кезеңде тарту етті. Романтикаға толы турда Әділбек Қуантай жарына тосын сый да жасады, әнін де шырқаса, сүйіктісі Қолғанат креативті идеясымен жолдасының ғана емес, қазылар алқасының да жүрегін баурап алды. Соңғы кезеңде қатысушылардың барлығы да жүргізушінің қойылған сұрақтарына жауап беріп, қарсыластарына дес бермеді. Осылайша, ғашықтар күніне арналған байқау өз мәресіне жетті.
Нәтижесінде «Думан» және «Ұшқын» мәдениет үйлерінің, жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен өткен сайыстың бас жүлдесін Әділбек Қуантай мен Қолғанат Ақылбекова (фотосуретте) жеңіп алды. Мамай мен Жаңагүл Ізтілеу қанжығасына 1-орынды байласа, екінші орынды Асылхан мен Әсел Бірмағанбетовтар және Мейрамбек пен Гүлмира Хусаиновтар бөлісті. Жүлделі 3-ші орын Нұрсұлу Нағашыбай мен Нұржан Сатанбаевқа бұйырды. Барлығына да салтанатты түрде мадақтамалар мен сыйлықтар табысталды. Ұйымдастырушылардың атынан Қозы Көрпеш пен Баян сұлудай шынайы сезімді ұлықтап жүрген қатысушыларға алғысымызды білдіреміз.