Эстафета жастарды шыңдай түсті

b_600_290_16777215_00_images_images_2018_42_42-2018_6.jpgҚазанның 10-ы күні С.Ерғалиев атындағы орта мектептің қабырғасында жасөспірімдер мен жастарға патриоттық тәрбие беру бойынша жұмысты жетілдіру, мемлекет басшысының бағдарламалық мақаласын жүзеге асыру мақсатымен аудандық әскери-патриоттық эстафета өтті.


ҚР Қарулы Күштеріне арналған аталмыш іс-шарада 9-11 сынып аралығындағы қатысушылардан құралған командалар ғана сынға түсті. Оларға ойынның өту ережелерін жақсы меңгеріп, тиісті дайындықтан өтумен қатар, дәрігердің рұқсатымен ғана қатысу талабы қойылды.
Бірыңғай киім үлгісінде шыққан қатысушылар жете дайындалған екен. Олар өздерімен бірге газқағар, автоматтардың ағаш үлгілерін, санитарлық сөмкелерін, пневматикалық винтовка оқтарын, Калашников оқу автоматтарын ала келген мектеп командалары кезеңдерден сүрінбей өтті. Жарыс барысында қатысушылар бірінен-бірі кем түспеуге барынша тырысты, эстафета қызу, әрі тартысты өтті десек, артық айтқанымыз емес. Бірінші кезеңде жауынгерлік әрекеттер учаскелерінен, кедергілер алабынан өтіп, граната лақтырған, пәрмен бойынша газтұтқыштарды киіп, алғашқы көмек көрсеткен және зақымданғандарды эвакуациялаған командалар «Атыс орны» деп аталатын кезеңде нысанаға қаншалықты дәл ата алатындарын көрсетті. Ал, үшінші практикалық кезеңде қыздар мен бозбалалар тартылып, кеудені жерден көтеруден жарысса, төртінші «Капитандар сайысында» команда капитандары жеңіске жету үшін маңдай терлерін төкті.
Кедергілерге толы болған эстафета «жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» командаларды анықтауға мүмкіндік берді. Жарыс қорытындысы бойынша өзгелерден озып шыққан С.Ерғалиев атындағы орта мектептің командасы бірінші орынды иеленді. Жүлделі екінші орын Красносельск орта мектебінің командасына бұйырса, үшінші орынға Б.Майлин орта мектебінің командасы лайық деп танылды. Барлық қатысушылар аудандық білім беру бөлімінің мадақтамаларымен, жеңімпаз командалар төсбелгілермен марапатталды.


Яндекс.Метрика
Курс валют в Казахстане