«Супер келін – 2022» байқауы өтті

b_600_290_16777215_00_images_images_2022_39_392022-1.jpg

«Келіні жақсы үйдің- керегесі алтын» дейді біздің қазақ. Халық айтса қалт айтпайды. Келін – шаңырақтың ажары ғана емес, әулеттің ұрпағын жалғастырушысы, ырысы мен құт- берекесі.
21 қыркүйек күні Елубай Өмірзақов атындағы аудандық мәдениет үйінде «Супер келін – 2022» байқауы өтті. Әр ауылдық округтен келген бес қатысушы «Үздік келін» атану үшін бақ сынасты. Байқау осымен үшінші жыл өткізілуде. Байқаудың басты мақсаты – жастар арасында отбасылық құндылықтарды насихаттау, келіннің отбасындағы рөлін арттыру, туыстар арасындағы байланысты нығайту, жастарды ұлттық салт-дәстүр рухында тәрбиелеу.
Байқауды «Үміт – 2050» қоғамдық қоры, аудандық мәдениет үйі қызметкерлерінің көмегімен ұйымдастырды. Байқау шарты бойынша келіндер өздері және отбасы туралы әңгімелейтін танысуды ұсынып, шығармашылық қабілеттері мен үй шаруасындағы қабілеттіліктерін көрсетті. Ұйымдастырушылардың айтуынша, өткен жылдары байқау қазақ ұлтының келіндері арасында өткен. Биыл тәртіп өзгеріп, түрлі ұлттың келіндері сайысқа қатысты. Байқау барысында жас келіндердің алдында бірнеше міндет тұрды. Олар: ұлттық тағамдарды дайындаудағы шеберліктерін, өз халқының салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын білу, шығармашылық қабілеттерін көрсету, өз қолдарымен жасалған заттар мен тұрмыстық бұйымдарды көрсету керек болды.
Байқауға қатысушылардың еңбектерін бағалаған қазылар алқасы «Супер келін – 2022» атағын Тобыл кентінің тұрғыны Қолқанат Ақылбековаға, «Көрермендер көзайымы» жүлдесін Калинин ауылдық округінің тұрғыны Олеся Серкибаеваға, «Мейірімді ана» номинациясын Майское ауылынан келген Светлана Кошкинаға берді. Апановка ауылынан келген қатысушы Айдана Жакупова «Өнерлі келін» атанып, «Шебер келін» – атағы Елизаветинка ауылынан келген Зарина Алтынбаеваға бұйырды.
Әйелдің қолында тіршіліктің шырайы, отбасының шырағы бар. Ұлттың асыл қасиеті уызына жарыған ұрпақтың бойына ана сүтімен дарып, болашаққа жалғасады. Келіндер байқауының беретін тәлім тәрбиесі өте мол.


Яндекс.Метрика
Курс валют в Казахстане