Мүмкіндігі шектеулі жандарға - шексіз мүмкіндіктер

b_600_290_16777215_00_images_images_2020_27_1.gif1-ші шілде күні Тобыл кентіндегі мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған тренажерларды тапсыру салтанатты шарасы өтті.
Бұл іс-шара аудан әкімдігі мен «Варваринское» АҚ-ның қол қойған әлеуметтік экономикалық ынтымақтастық меморандумы аясында, бүгінгі күні "Бейімбет Майлин ауданының мүгедектер қоғамының" басшысы Павел Абрамовтың бастауымен тренажерлардың презентациясы өтті. "Варваринское" АҚ өкілі А.В. Труханов сондай-ақ, мүмкіндігі шектеулі адамдарды тасымалдауға арналған автокөтергіштің тұсаукесерін өткізіп, халық алдында табыс етті.
Салтанатты іс-шараға жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы, сонымен қатар, ардагерлер қоғамының төрайымы, дене шынықтыру және спорт бөлімі басшысы, Тобыл кенті әкімдігінің өкілдері қатысты.
«Бүгін біз үшін маңызды күн десек болады. Себебі, бүгін аудан әкімдігі мен қоса «Варваринское» АҚ-ы ауданымыздың мүмкіндігі шектеулі жандарға зор мүмкіндік жасап беріп отыр. Сонымен қатар, жаңа атап өткеніміздей, енді жеке көлікте орнатылған автокөтергішке де ие болып отырмыз. Біз үшін бұл үлкен құрметпен тең десем болады. Бұл күнді біз асыға күттік.Ендігі кезекте тек «Салауатты өмір салтын» ұстанатын боламыз. Барлық жанашырларымызға алғыс айтқымыз келеді. Кез-келген мүмкіндігі шектеулі жандар енді Тобыл кентіндегі спортзалға келіп, қалағанынша тренажерлармен айналысуларына болады. Ешқандай шектеулер болмайды. Ал,біз өз кезегімізде осы берілген тренажерларды реттестіріп, механикалық тренажерлардың бағдарламаларын орнатып, дайындаймыз»,- дейді аудандық мүгедектер қоғамының басшысы Павел Абрамов.
- Мүгедектік – бұл үкім емес, өз ағзаларын қалпына келтіруге талпынғандар үшін, тіпті, өмірінің соңы емес. Сенімділік пен өмір сүруге деген құлшынысы бар мүмкіндігі шектеулі жандарға спортпен шұғылдануға мүмкіндік те мол, - деп санайды мамандар.
Функционалдық жағынан бұл құрылғылар әдеттегіден еш кем емес, тек айырмашылығы сол ерекше тағдыр иелеріне арнайы сатып алынған. Осындай құрылғылармен шұғылдану төзімді болуға, күш-қуатыңды арттыруға әрі өз-өзіңе деген сенімділікке жетелейді.
Іс-шара соңында аудан әкімінің және мүгедектер қоғамының Алғыс хаттары табыс етілді. Кездесу барлық санитарлық нормалар мен әлеуметтік қашықтықты сақтай отырып өтті.


Яндекс.Метрика
Курс валют в Казахстане