«Өнермен жаным егіз...»

b_600_290_16777215_00_images_images_2020_26_Screenshot_17.gifҚазақ пен домбыра – егіз ұғым. Күмбірлеген домбыраның үні батыр­ларымызға рух, ақындарымызға шабыт берген.
Бүгінгі кейіпкеріміз де «домбыра десе, ішкен асын жерге қоятын» жандардың бірі десек болады. Гүлнұр Ералиева домбыраның құлағында ойнайтын жан. Жастайынан домбыраға қызығушылығы артқан Гүлнұр ханымды, бүгінде домбырамен ән шырқаудың шебері деп айтуға болады.
Гүлнұр Ералиева аудандық кітапханада кітапханашы болып қызмет атқарып келеді. Биылғы жыл кітапханашылардың төл мерекесі екені белгілі. Сол себепті, кітапханашылардың да арасында осындай өнерлі қызметкер бар екенін айтпай қалу мүмкін емес.
«Домбыраға қызығушылық бала кезден басталды. Әкем баянда, домбырада ойнайды, анам ән айтады. Сол кісілерге қарап музықалық инструменттерге деген қызығушылық басталды. 4-5-ші сыныпта домбырада ойнап үйрендім. 9-шы сыныптан кейін колледжге оқуға барғанымда, қосымша музыка мектебінде домбыра курсына бардым. 2 жыл оқып, диплом алдым. Мен әндерді таңдамаймын. Кез-келген жанрдағы әндерді орындай беремін. Өзбекстан елінде тұрған жылдары көптеген мерекелік іс-шараларға, мейрамдарға қатысып, домбырамен эстрада әндерін орындайтынмын. Кейде домбыра шертіп отырғанымда, ойыма әуендер келе бастайды. Өзім поэзияға жақын болғандықтан, домбыра үнімен әуеннің нотасын құрастырып, өзімше, ән айтатыным бар.Кейде туысқандарымыз бен достарымыздың арасында отырыс болған кездері, менен ән салып беруді көп сұрайды. Күйді әркім түсіне бермейді ғой. Бәлкім, ән адамдардың жанына жақын шығар. Себебі, домбырада күй ойнасам, менен ән салып беруімді өтінеді»,- дейді Гүлнұр Ералиева.
Гүлнұр ханым тек күй шертіп, домбырада ойнап қана қоймай,гитарамен де ән айтады.
«Мен музыка мектебінде оқып жүргенде өзім қызығып, аккордтар ойнап үйрендім. Сонымен қатар, әлеуметтік желілерде белсендімін деп айтсам болады. Оқыған поэзия мен орындаған әндерімді Facebook,Instagram желілерінде жариялап отырамын. Мені қарап, әндерімді тыңдайтын шағын оқырмандарым бар десем де болады. Негізі хоббиім- құрақ құрау мен тігіс тігу. Жас кезімнен қолөнерге қызығамын деп те айта аламын. Қағаздан, моншақтардан түрлі бұйымдар жасаймын. Сонымен қоса, мультипликациялық суреттер саламын»,- дейді кейіпкеріміз.
Қолөнер – халқымыздың қасиетімен ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, тамырын тереңге жайып келе жатқан асыл мұра. Сол өнерді қазір де жалғастырып келе жатырған Гүлнұр ханым, ауданымыздың бетке ұстар жандарының бірі деп ойлаймыз. Музыкалық өнер мен қоса қолөнерді де бірге дәріптеп жүрген жандар ләйім көп болғай дегіміз келеді.


Яндекс.Метрика
Курс валют в Казахстане