Нәзік Жанды Полиция Қызметкері

Соңғы кездері нәзік жанды полицейді көру таңсық емес. Оған көзіміз де үйреніп кетті. Тіпті, уақыт өткен сайын елімізде дәл осы мамандықты меңгерген қыз-келіншектердің қатары көбейіп келеді.
23 маусым – Қазақстан полициясы күні. Мереке қарсаңында аудандық полиция бөлімінде қызмет атқарып келе жатқан нәзік жанды Динара Бектабанова туралы айтатын боламыз. 11 жылдан астам уақытта осындай жауапты жұмыста еңбек етіп келе жатқан Динара, бүгінде өзінің мамандық таңдауда еш қателеспегендігі туралы айтты.
Ия, нәзік жанды бойжеткен үшін полиция қызметкері болған оңай шаруа болмады. Полиция қызметі- батылдықты, өжеттілікті, қайсарлық пен табандылықты, іскерлік пен білімділікті талап ететін ауыр сала. Сонымен, Динара Байгонысовна Бектабанова- жедел-криминалистикалық топтың криминалисті, полиция лейтенанты.
- Арулар нәзік жаратылыс екеніне таласым жоқ. Әлия, Мәншүк секілді батыр апаларымыз ел басына күн туғанда ерлермен бірдей қолына қару алып, жауға қарсы шайқасты. Олардың ержүректігі бүгінгі ұрпаққа жетіп, қазақ елі батыл қыздарымен мақтанады. Менің жұмысым тергеу бөлімімен тығыз байланысты, тергеу жедел тобына түскен кезде тергеушіге іздер мен заттай дәлелдемелерді табуға, тіркеуге және алуға көмектесемін, бір күн ішінде фотокестелер жасаймын, тергеушінің нұсқауы бойынша оқиға орнында табылған іздерді алдын-ала зерттеу жүргіземін, нұсқаны ұсынуға қатысамын. 10 жыл бойы полиция қызметкерлерінің жұмысын іштей бақылап жүрдім, содан кейін криминалист лауазымын саналы түрде таңдаған болатынмын. Өйткені қылмыстарды ашуға үлкен үлес қосқысқым келді. Яғни, мен үшін бұл жұмыс ең қызықты және маңызды деп шештім,- дейді Динара Бестабанова.
Динарамен әңгіме барасында оның инабаттылығының астарында ер адамға бергісіз ауыр қайсарлық пен өжеттілік жатқанын аңғарып, оның нақ осы саланың қызметкері болу үшін жаралғанын түсіндік.


Яндекс.Метрика
Курс валют в Казахстане