Жақсылық ешқашан ұмытылмайды...

Алғыс айту күні - мәні де, мағынасы да зор жаңа мереке. 2016 жылғы Қазақстан халқы Ассамблеясының кезекті сессиясы барысында Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылған күнін Алғыс айту күні деп жариялаған болатын. Тарихқа көз салсақ, XX ғасырдың басында елімізге сан түрлі ұлт өкілдері еріксіз қоныс аударған. Бұл мереке сан түрлі ұлт өкілдерін бауырына басқан қазақ халқының мейірімділігін бейнелейді. Бүгінде қазақ жерінде 100-ден астам ұлт өкілдері бір шаңырақ астында тату-тәтті ғұмыр кешуде.
Көктемнің алғашқы күнімен тұспа-тұс келетін Алғыс айту күні – бірлік пен достықтың жарқын мерекесі.
Мерекенің басты мақсаты - азаматтық қағидат негізінде қазақстандық бірегейлікті дамыту арқылы Қазақстан халқының бірлігін нығайту. Бұл күні қазақстандықтар ата-бабаларын еске алып, ата-аналарына, мұғалімдеріне, зейнеткерлерге, ардагерлерге, бір-біріне құрмет көрсетіп, ризашылығын білдіреді.
«Алғыс айту күні – ерекше мереке. Қазақстандықтар үшін алғыс - жай ғана ризашылық сезімі емес, бұл халықтың іргелі құндылығы екеніне сенемін. «Жақсылық ешқашан ұмытылмайды», - дейді «Nadzieja» поляк этномәдени бірлестігінің төрағасы Виктор Радомский.
«Еріксіз қоныстандырудың зардабы өлшеусіз еді, оны басынан өткізгендер ешқашан ұмытпайды. Қазақстан біздің ортақ үйімізге айналды. Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарған жағдайда ғана өмірдің сынағына төтеп бере алатынымызды естен шығармауымыз керек. Бүкіл шешен-ингуш халқы Аллаға шүкіршілік етіп, бізді туғанындай қабылдаған қазақ еліне алғыс білдіреді», - дейді «Вайнах» шешен-ингуш этномәдени орталығының төрағасы Эльбрус Тимаев.
«Қиын кезеңде бізге қолдау білдіріп, қанатымен су сепкен қарлығаштай қамқорлығына алып, мейірімділік танытқан қазақ халқына мың алғыс. Бір үзім нанымен бөлісіп, сүйеу болған Ұлы дала жерінде достық, келісім, бейбітшілік сақталып келеді, лайым солай болғай», - дейді корей этномәдени қоғамдастығының төрайымы Ульяна Ким.
Қазақстан халқы Қостанай облыстық Ассамблеясы барша халықты Алғыс айту күнімен құттықтап, әр шаңыраққа бақ-береке, қуаныш, шаттық тілейді.

Қазақстан халқы Қостанай облыстық Ассамблеясы


Яндекс.Метрика
Курс валют в Казахстане