Оның шәкірттерінің жетістігі мол

b_600_290_16777215_00_images_images_2018_13_13-2018_11.jpgАқыл-ойдың ұшқырлығын талап ететін ең күрделі ұлттық ойын түрлерінің бірі тоғызқұмалақтың қыр-сырын екінің бірі жетік меңгере алмайды. Ал, Новоильин орта мектебінің денешынықтыру пәнінің мұғалімі оқушыларға осы ойынды үйретіп, шыңдалуына септігін тигізіп қана қоймай, ауылының ғана емес, ауданымыздың мерейін үстем етуде.

 

Моңғолияның тумасы Қадірбек Хабылхан осыдан жеті-сегіз жыл бұрын ұлы Абайдың өзі ойнаған тоғызқұмалақты үйренбекші болады. «Ата-бабамыз кезінде Ұлы даланың берген кемел ойы арқасында нешетүрлі керемет игіліктерді меңгергені ақиқат. Соның бір мысалы, ұлтымыздың озық ойлау деңгейінің айғағы десе боларлық - тоғызқұмалақ ойыны. Ойын, шын мәнінде, оны ойнаушылардан барынша зеректікті, алғырлық пен тапқырлықты қажет ететін өте деңгейі жоғары ойын екенін ескеріп, ұлтымыздың ұлық ойынын зерделеуге кірістім. Кітаптарға сүйене отырып, ізденіп, ойынның негіздеріне, принциптеріне және тактикалық тәсілдерінің әдістемесіне аса мән бердім. Содан алғаш рет ауданның мұғалімдері арасындағы жарысқа барғанымда жүлделі үшінші орынға ие болдым», - дейді ол.

«Адамның істегенін адам да істейді, тек мақсат пен талап керек» деген қағиданы ұстанатын Қадірбек Хабылханның айтуынша, сол жылдары ауданымызда тоғызқұмалақ ойнайтын адамдар аз болды. Сондықтан, ұйымдастырылатын жарыстарда ауылдың намысын қорғайтын балаларды дайындау керек болды. Бүгінде бұл кісінің тұрақты он екі шәкірті бар екен. Аптасына бірнеше рет өтетін үйірмеге қазақтың қара балалары да, өзге ұлттың өкілдері де қатысатын көрінеді. Тоғызқұмалаққа ынталы Катерина есімді орыс қызы да, өзге оқушылар да аудандық, облыстық жарыстарда жүлделі орындардан көрініп жүрген көрінеді. «Есеп ойыны болып табылатын тоғызқұмалаққа баланың қабілеті болса, он күннің ішінде-ақ нәтиже көрсете бастайды. Ондай балалар аз, алайда, жоқ емес. Мен үшін шәкірттерімнің биік шыңдардан көрінулері өте маңызды. Өйткені, өзім жете алмаған жетістіктеріме оқушыларым жетсе деймін», - дейді ауданымыздың үздік тоғызқұмалақшыларының бірі Қадірбек Хабылхан.

 


Яндекс.Метрика
Курс валют в Казахстане