Той-думанға ұласқан күн

b_600_290_16777215_00_images_images_2018_13_13-2018_13.jpgНаурыз мерекесінен балалар да шет қалмады. Наурыздың 21-і аудан орталығындағы балабақшаның музыкалық жетекшісі Айнұр Ахметтің ұйымдастыруымен «Ақбота», «Балапан», «Айгөлек» топтарында тамаша мерекелік іс-шаралар өтті.

 

Тәрбиешілердің, ата-аналар қауымының қатысуымен өткен іс-шараларда сөз сөйлеген балабақша директоры Динара Шақыманның айтуынша, ұлық мерекені балабақшада атап өтудегі басты мақсат – салт-дәстүр, Наурыз құндылықтарын дәріптеу. Иә, сол күні үш топта ұйымдастырылған үш түрлі бағдарламаның дәстүрлік мұраларды насихаттауға бағытталғаны байқалды. Мысалы, «Ақбота» тобындағы «Төрлет, төрлет, Наурыз!» тақырыбында өткен іс-шарада балаға ат қою және бесікке салу ырымдары ғана емес, «Арқан тартыс», «Қол тірес» сынды ұлттық ойындар көрініс тапты. Ал, «Балапан» тобындағы салтанатқа бас имам Ислам Хамзиннің өзі келіп, мұлыманша азан шақырып, ат қою рәсімін көрсетті. Аталмыш топтың балапандары қонақтарға айтыс өнерінің үзіндісін паш етумен ерекшеленсе (фотосуретте), «Айгөлектің» бүлдіршіндері «Наурыз», «Ақсисса», «Шабандоздар» және тағы да басқа әндерін орындаумен көзге түсті.

Мерекеге келген ата-аналар дән риза болып, өздерінің жылы лебіздерін білдіріп жатты. Айта кету керек, олардың да сіңірген еңбегі аз емес. Ақ дастарқан жайып, ұлттық тағамдар мен наурызкөжелерін әзірлеген, тіпті, дорбаларын әкелген ата-аналар мен тәрбиешілердің бас қосуы кішігірім той-думанға ұласты.

Осы орайда, балабақша қызметкерлері атынан осы кісілерге алғысымызды білдіреміз. Өйткені, балабақша қабырғасында ұйымдастырылатын небір іс-шараға ата-аналардың әрқайсысы қолдау білдіріп жатса, ұлттық тәрбиенің мақсат-мұраты орындалғаны.

 


Яндекс.Метрика
Курс валют в Казахстане