Кітапханашылар келін түсірді

b_600_290_16777215_00_images_images_2018_13_13-2018_16.jpgӘдетте Ұлыстың Ұлы күні әрбір елді-мекенде, мекемеде ерекше қарқынмен, шаттықпен, берекелі дастарқан жасаумен аталып өтіледі. Аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесінің ұжымы да «Рухани жаңғыру» бағдарламасының шеңберінде бұл дәстүрден сыртта қалған жоқ.

 

19-наурызда кітапхана есігі Наурыз мерекесін қарсы алуға келген оқырмандар үшін айқара ашық болды. Арнайы шақырылған қонақтар арасында «Музей», «Мәдениет үйі», «Жастар ресурстық орталығы» ауылдарының кісілері де, ақ жаулықты аналар да болды. Жарқын безендірілген оқырман залының бір жағында қонақтар жайғасса, екінші жағына ұлттық киімдерді киген қатысушылар жайғасты. Кітапхана директоры Гаухар Асанованың құттықтау сөздерінен кейін, шаңырақ көтеру тойының «Жар-жар» әнімен екі жас шақырылды. «Құлағың сал, көпшілік, домбыраны қолға алып, тереңінен жүректің, тебірене толғанып», - деп бастаған ақынымыз Мамай Ізтілеу келіннің аталған жақындарына, яғни жиналғандарға лайық әзіл-қалжыңдарын араластыра «көрімдік» сұрап, көңілді көтере жыр төкті (фотосуретте). Аталмыш салт-дәстүрдің озық үлгісін көрсету кезінде жаңа түскен келінжан есімі аталған жандарға сәлемін берсе, олар өз тарапынан көрімдіктерін берді. Театрландырылған тойға жиналған жамағат ән-жырды желдірте шырқаған Мамай Тұрысбекұлының қара домбырасының сабымен келіннің бетіндегі шәліні еппен ысырып, қайырып ашу және ененің келіннің басына ақ орамал тағу сәттерінің куәсі болды. Осы күні шаңырақ көтерген интернационалды жанұя ақсақалдан батасын алып, той жырымен ақ дастарқанға жайғасты.

Ұлттық тағамдарға толы болған дастарқан басында қонақтар, күйеу жігіт пен қыз жолдас тілектерін де айтты, өнерлерін де көрсетіп отырды. Ұйымдастырушылардың іс-шараға жауапкершілікпен қарап, белсенді дайындалғаны сезіліп тұрды. Олар қалыптасқан дәстүр бойынша өнер көрсеткен апаға арнайы тойбастарын беріп, сол жерде әлгі дорбаны ашып, әр адамға ішіндегі заттарды таратты. Тойдан бірде-бір қонақ бос қайтпай, көтеріңкі көңіл-күймен, ризашылықпен үйлеріне тарасты.

 


Яндекс.Метрика
Курс валют в Казахстане