«Алтын микрофонда» кім жеңді?

b_600_290_16777215_00_images_images_2018_12_12-2018-10.jpgСенбі күні аудандық мәдениет үйінде «Алтын микрофон» вокалдық фестивалі ұйымдастырылды.

 

Жыл сайын «Алтын микрофон» байқауының аясында мықтылардың есімдерін елге мәлім ету – тұрақты дәстүр. Биыл да ауылдық округтердің жас өнерпаздарын танытатын доданың аудандық іріктеу сыны өтті. Іріктеуден іркілмей, сүрінбей өткендер облыстық кезеңге жолдаманы еншілейді.

Ән додасының шарты бойынша 7 мен 21 жас аралығындағы таланттар төрт жас категориясы бойынша сынға түсуі тиіс еді. «Ән – өлшеуіш, өлең – күміс, қоспаңыз мыс аралас, артық алу, не кем салу, қапы қалу жарамас...», - деп келетін Шәкәрімнің әніндегідей бұл байқауда барлығына бірқатар талаптар қойылды. Айта кету керек, Май, Калинин, Асенкрит, Новоильин, Таран ауылдық округтері мен Тобыл кентінен келген 27 қатысушының репертуары әрқилы болды. 7-10 жас аралығындағы ең кіші топта жиналғандарды елең еткізіп, өнерге шөліркей келген қауымның айызын қандырған Аина Алматова(Калинин а/о) жеңімпаз атанды. Ал, Айдана Біржан (Тобыл а.) 2-орынды, Жанерке Аманбаева(Таран а/о) 3-орынды иемденді. Екі әннен орындаған 11-13 жас аралығындағы орындаушылар да кіші өзгелерден кем болған жоқ. Ал, Екатерина Чайгуцкая (Май а/о) 1-ші орынды иеленсе, 2-орынды өзара тобылдық Рахат Ақмарал мен Анна Юсупова бөлісті. Жас орындаушы Александра Хомякова (Асенкрит а/о) қанжығасына 3-орынды байлады. Үміт арттырған 14-17 жас аралығындағы қыздардың арасында аудан орталығының тұрғыны Меруерт Үркімбай топ жарды. Әділқазылардың шешімімен 2-орын дарынды орындаушы Алена Денисоваға (Калинин а/о) және Александра Кернге (Таран а/о) берілді. Елен Аружан да (Красносельск а.) қатарынан қалмай, жүлделі 3-ші орынға ие болды.

Барлық жеңімпаздар мен жүлдегерлер салтанатты түрде мадақтамалармен марапатталды. Бойындағы барымен бабына келтірген жетекшілер де, үш сағат бойы өнерімен тамсандырған қатысушыларға барынша қолдау көрсеткен көрермендер де шара аяқталған соң, өзара алған әсерлерімен бөлісіп, естелік фотосуретке түсті. Әншілікке бет бұрған жеңімпаздарымыз облыстық деңгейде өтетін аталмыш байқаудан олжалы оралады деп үміттенеміз.

 

 


Яндекс.Метрика
Курс валют в Казахстане